БҰҰ мен АҚШ 14 жасар қызға жасалған қастандықты айыптады

Малала Юсуфзайдың басы мен мойнынан оқ тиіп жараланды. 9 қазан 2012 ж.

Пәкістанда 14 жасар Малала Юсуфзайға оқ атқандардың іс-әрекетін халықаралық қауымдастық айыптап жатыр.

Сейсенбі күні елдің солтүстігінде мектептен қайтып бара жатқан Малала Юсуфзай оқтан ауыр жараланды. Дәрігерлер оның бас сүйегіне операция жасап, оқты алып тастады. Қазір ауруханада жатқан баланың жағдайы "тұрақты" деп хабарланды.

Бұл қылмыстың жауапкершілігін талибтер мойнына алды.

Пәкістанның премьер-министрі Первез Ашраф бұл шабуылды айыптап, Малала Юсуфзайды "Пәкістанның қызы" деп атады. БҰҰ-ның қарулы жанжалға балалардың қатысу проблемасы жөніндегі арнайы өкілі Лейла Зерруги шабуыл жасағандарды қатаң айыптады. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Виктория Нуланд пәкістандық қыз балаға жасалған шабуылды "қорқақтық пен жабайылық актісі" деп атады.

11 жасынан бастап интернетте урду тілінде блог жаза бастаған Малала Юсуфзай жазбаларында тәлібтердің қатыгездігі туралы баяндаған еді.