7 адамның Түркіменстанда сотталғаны расталды

Түркімен шекарашылары. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның Түркіменстандағы елшілігі қазақстандық жеті азаматтың әрқайсысы жеті жылға сотталғанын растады деп хабарлады Азаттықтың Түркімен қызметі.

Маңғыстау облыстық көші-қон полициясының төрт қызметкері мен үш аңшыны Түркіменстан шекарашылары қазанның 19-ы күні "шекара бұзды және заңсыз түрде қару-жарақ тасымалдады" деген айыппен қамауға алған еді.

Расталмаған ақпарат бойынша, түркімен шекарашылары қамауға алған Қазақстан азаматтарының төртеуі - Маңғыстау облысы Қарақиян аудандық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясының қызметкерлері, үшеуі - осы аудандағы Жетібай ауылының тұрғындары.

Қазанның 25-інде осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті қызметкерінің айтуынша, «18-19 қазан күндері миграциялық полиция қызметкерлері аудандық ішкі істер басқармасы бастығының бұйрығы бойынша іссапарға аттанған. Мигранттарды іздеу бұйрығын орындап, қайтар жолда Түркіменстан шекарасын кесіп өтіп кеткендіктен оларды түркімен шекарашылары ұстап алған».