Ресей президенті Үндістанға барды

Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 21 желтоқсан 2012 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин ресми сапармен Үндістанға барды. Сапар барысында қорғаныс пен экономика салаларында ірі келісім-шарттарға қол қойылмақ.

Владимир Путин Үндістан премьер-министрі Манмохан Сингхпен және басқа да лауазымды адамдармен кездесіп, энергетика, сауда және технология салаларында келісім-шарттар жасасады деген болжам бар. Қорғаныс саласында Ресейдің Үндістанға 40-тан астам "Сухой" жойғыш ұшақтары мен 50 әскери тікұшағын жеткізу туралы келісім де бар.

Мәскеу мен Дели "қырғи-қабақ соғыс" кезеңінен бері ынтымақтастық орнатып келеді. Үндістан әскери техникасының көбін бұрынғысынша Ресейден импорттайды. Бірақ соңғы жылы Батыс елдері Ресейдің алдына шығып кетті.