21 – 25 қаңтар 2013 жыл

Былтыр сәуірдің 7-сі Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі 7-үйдің төрт подъезі құлап қалған еді. Жуықта бұл үйді салған адамдар рақымшылыққа ілінді. «Олардың кінәсі толығымен дәлелденді. Бірақ ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қатысты жарияланған рақымшылыққа ілініп, оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды» деді Қарағанды облысы баспасөз қызметінің өкілі Әсел Әбеуп. Суретте: Автокран қираған «Бесоба» кешенінің үйлерін бұзып жатыр. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

Ресейдің ақпарат құралдары «Ресей сыртқы істер министрлігі Байқоңырдан зымыран ұшыру мәселесіне қатысты Қазақстанға ультиматум қойған нота жолдады» деген ақпарат таратты. «Известия» газетінің жазуынша, Ресей тарабы «Қазақстанның Байқоңыр айлағынан ұшырылатын зымыран тасығыштарды шектеу туралы шешіміне» наразылық білдіріп, «Бәйтерек», «Днепр» сияқты бірлескен жобаларды қайта қарастыруға мәжбүр болатынын ескерткен. Көрнекі суретте: Ресейлік «Протон» зымыран тасығышы Байқоңырға орнатылып жатыр. 14 қыркүйек 2009 жыл.

«Байқоңырға» байланысты дау өткен жылы «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевтың «Ресеймен Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу шартын біртіндеп тоқтату туралы келіссөздер жүріп жатыр» деген мәлімдемесінен туындаған. Іле-шала Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Талғат Мұсабаевтың Байқоңырға байланысты сөзін ақпарат құралдарының көбі бұрмалап берді» деп мәлімдеме жасады.

23 қаңтарда Православие шіркеуі өкілі епископ Геннадий (Гоголев) (суретте) «діни араздықты қоздырушы карикатураны» жариялаған газетке наразылық білдіріп, «әрбір христианның жүрегіне аса қымбат Иса бейнесін қорланған түрде бейнелеген карикатура арандатушылықты көздейтінін» мәлімдеді. Қаңтардың 14-інде «Мегаполис» газетінде журналист Жәмила Кәрімованың «Рождественский сюрприз» атты мақаласы және қосымша ретінде Ибрагим Көбековтің карикатурасы жарияланған.

Азаттық радиосы жариялаған «Бүгінгі жастың бейнесі»/«Будни современной молодежи» атты фото-байқаудың жүлдегерлері марапатталды. «Жастық шағын кім сағынбас» деген фотосымен бас жүлдені (сыйлығы – iPhone) кәсіпқой фотограф Серік Зұлқаров (суретте) иеленді. Екінші орын «Жастар дінге бет бұрды» фотосын жолдаған Мирас Болатбаевқа бұйырды. Алматы, 25 қаңтар 2013 жыл.

«Жастар бейнесі» фото-байқауының үшінші жүлдесін (сыйлығы – eReader Nano электрондық кітап оқығыш) кәсіпқой фотограф Сәрсен Қызайбек ұтып алды. Азаттықтың Facebook парақшасында ең көп дауыс жинап, Nikon фотоаппаратын атыраулық Асан Қуанышкереев ұтты. Суретте: Атыраудағы Асан Қуанышкереев Азаттықпен Skype арқылы байланыс сәтінде. 25 қаңтар 2013 жыл.