Пәкістандағы шабуылдан 26 адам мерт болды

Пәкістандық Талибан тобының мүшелері. (Көрнекі сурет)

Бүгін таңертең Пәкістанның солтүстік-батысында, Ауғанстанмен шекарадағы Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы әскери бекеттердің біріне бүлікшілердің жасаған шабуылы салдарынан 26 адам қаза тапқан. Олардың 15-і пәкістандық қауіпсіздік қызметінің өкілдері деп хабарланды.

Жергілікті полиция бастығының Азаттық радиосына хабарлауынша, бірнеше сағата созылған атыс барысында кемінде бес бүлікші оққа ұшқан.

Машааль радиосына телефон шалған Техрик-и Талибан тобының өкілі бүгінгі шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтып, бұл өткен айда АҚШ қарулы күштерінің әуе соққысынан қаза болған өздерінің екі адамы үшін "кек қайтару болды" деп мәлімдеген.