11 – 15 ақпан 2013 жыл

Ақпанның 11-інде Қостанай облысы Жетіқара аудандық сотында полицей мен бес азамат арасында болған кикілжіңге қатысты сот басталды. Бес азамат «полицейді ұрып-соқты» деп айыпталып отыр. Бірақ олар «жәбірленуші ретінде танылған полицей үшеуімізді атты» дейді. Суретте: Айыпталушы Стивен Блажко. 2012 жылдың мамыры (Фотоны Адам құқығын қорғау бюросы Қостанай облыстық бөлімшесі берді).

2012 жылы мамырдың 5-інен 6-сына қараған түні болған оқиғаға қатысты айыпталушылар мен олардың туыстары «оқ атқан полицейдің өзі айыпталушылардың біріне тиісіп, төбелеске шақырғанын» айтады. Ал полиция мәліметінше, «сол түні қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген екі полицей көшедегі төбелесті байқап, жанжалды тоқтатпақ болғанда, жанжал шығарушылар полицейдің бірін балағаттап, жабылып ұрып-соққан. Полицей қаруын қолдануға мәжбүр болған». Суретте: Айыпталушы Виталий Мельхер. 2012 жылдың мамыры (Фотоны Адам құқығын қорғау бюросы Қостанай облыстық бөлімшесі берді).

Талдықорғандағы қоғамдық палата белсенділері аймақтық антимонополиялық департамент директоры Тұрсынбай Галиновқа «моральдық зиян тигізгендері үшін» төлеуі тиіс 1 миллион теңгені жинау үшін жұртшылықтан көмек сұрады. Былтыр жергілікті «Вечерний Талдыкорган» газетінде «Тұрсынбай Галинов электр қуатының бағасын өсіріп еді, енді барлық азық-түлік өнімдері мен қызмет ақысы қымбаттап жатыр. Электр қуатының бағасын көтергені үшін оған сенімсіздік білдіреміз» деп белсенділер қол қойған мақалаға қарсы сотқа шағымданған Тұрсынбай Галинов жеңіп шыққан. Суретте: Қоғамдық палата белсенділері сотта отыр. Талдықорған, 2012 жылдың маусымы.

Ақпанның 13-інде Польша сеймінің депутаттары Томаш Маковски мен Малгожата Марчинкевич Петропавлдағы ЕС 164/3 колониясында жеті жарым жылдық жазасын өтеп жатқан оппозициялық саясаткер Владимир Козловпен (суретте) кездесе алмады. Колония басшылығы депутаттарға ішкі істер министрлігі мен прокуратурадан арнайы рұқсаты керек екенін айтқан.

2006 жылы баспана үшін тұрғындары полициямен қақтығысқан Алатау ауданында тұрмысы нашар отбасылардың балалары үшін 56 балаға арналған тегін орталық пайда болды. Жергілікті билік өкілдері Алатау ауданында балабақша жетіспейтінін айтады. Суретте: «Шаңырақ жұлдызы» орталығында билеп жүрген балалар. Алматы, 14 ақпан 2013 жыл.

Ақпанның 14-інде Ақтөбе қалалық сотының шешімі бойынша дәрігерлер «аяғы ауыр» деген диагноз қойған 15 жасар бозбала Байжан Алдашевқа Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасы 50 мың теңге моральдық шығын төлейтін болды. Бірақ бұл шешімге жәбірленуші разы емес. Айыпталған нефролог-дәрігер Мұхит Байзақов «науқасқа тиісті ем-домын жасағанын, ал ауруханадан шығарда берілген құжат компьютердегі ақаудың салдарынан болғанын» айтады. Суретте: Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының нефролог-дәрігері Мұхит Байзақов пен «аяғы ауыр» бозбаланың анасы Екатерина Рафикова сот залында. Ақтөбе, 24 желтоқсан 2012 жыл.

Ақпанның 14-інде Астананың белсенді жүкті әйелдері жаңа туған балаға төленетін бір жолғы жәрдемақы көлемінің жалақы мөлшеріне қарай қысқаруына назаралық білдірді. Ақпанның 17-сінен бастап әлеуметтік сақтандыру заңына өзгерістер енеді. 10 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын әйелдер жаңа туған баланың бір реттік жәрдемақысын миллион теңгеден артық (6 мың 600 доллардан астам) етіп алып келсе, енді оларға тек 783 мың теңге (шамамен 5 мың 200 доллар) ғана төленеді.