18 – 22 наурыз 2013 жыл

Наурыздың 20-сында өткен ЖСДП партиясының съезінде «Азат» партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бір-бірінен бөлінетіні белгілі болды. Суретте: Жармахан Тұяқбай, ЖСДП төрағасы. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.

Жиынға кей журналистер мен ЖСДП төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов қатыстырылған жоқ. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.

ЖСДП партиясы 2006 жылы қыркүйек айында «Әділетті Қазақстан» қозғалысының негізінде құрылып, Жармахан Тұяқбай төрағасы болып сайланған. 2009 жылы қарашада «Нағыз Ақжолдың» құқықтық мұрагері «Азат» партиясымен бірігіп, жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясының құрылғаны жарияланған. Суретте: Петр Своик, ЖСДП мүшесі, саясаткер. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл

Наурыздың 19-ында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің Harlem Shake биін билегені үшін оқудан шығарылған екі студент білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың араласуымен сабақтарына оралды. Суретте: Harlem Shake биіне бола оқудан шыға жаздаған студенттер Эльдар Ахметов (сол жақта) пен Қайрат Маштыбаев.

Наурыздың 20-сында Ақтөбе қалалық соты бірнеше аудиофайл мен кітапшаны «ұлтаралық және дінаралық араздықты туғызатын материалдар» деп таныды. Бұл материалдар 2012 жылы Ақтөбеде жолаушылар пойызынан тәркіленген. Оларды сатқан азаматтар әкімшілік жазаға тартылды. Көрнекі сурет: Діни мазмұндағы материалдар қойылған сөрелер. Ақтөбе, 9 қаңтар 2013 жыл.

«Желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жолаушылар пойызында тәркілеген діни мазмұндағы материалдардың арасында Ділмұрат Әбу Мұхаммед пен Сейфуллахтың уағыздары, қазақ, орыс және араб тілдеріндегі материалдар бар» дейді Ақтөбе көлік прокурорының көмекшісі Нұрлыбек Орынбайұлы. Ақтөбе, 20 наурыз 2013 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 22-сінде Алматыда «Астана» алаңындағы мерекелік шараға қатысып, құттықтау сөз айтты. Суретте: Наурыз мейрамына келген жұрт шараны полицейлер қоршаған алаң сыртынан бақылады. Алматы, 22 наурыз 2013 жыл.

Наурыз мейрамына келген полицейлер. Алматы, 22 наурыз 2013 жыл.