Әбденов Цукановты босатуды сұрады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Алматы, 26 сәуір 2013.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов өзіне жұмыртқа лақтырған Андрей Цукановты қамаудан босатуды сұрады.

Бұл туралы министр ауданааралық мамандандырылған әкімшілік сотына өтініш жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ол Цукановқа "ренжіп үлгермегенін" айта келіп "сот бұл өтінішті қарастырып, оны босатуы керек. Өйткені мен оған кінә артпаймын. Мұндай адамдарды қамау - моральға қайшы",- деді.

Министр Цуканов "егер кешірім сұрау ниетімен келсе", кешіретінін білдірген.

Серік Әбденов өзіне жұмыртқа лақтырған кезде күзетінің болмағанын, болашақта та күзетпен жүрмейтінін айтқан.

Қарағандылық белсенді Андрей Цуканов жұма күні Алматыда зейнетақы реформасы туралы заң жобасын түсіндіруге келген Әбденовке шикі жұмыртқа лақтырған еді. Алматы қаласы әкімшілік соты оны 7 тәулікке қамауға шешім шығарды.

(Министрге қатысты оқиғадан түсірілген толық видеоны Азаттықтың YouTube-тегі парағынан қараңыз)