3 – 7 маусым 2013 жыл

Атырауда сегіз адам «террористік топ құрды, оның қызметіне қатысты», «заңсыз қару-жарақ дайындады», «заңсыз қару-жарақ сатып алды, оларды тасымалдап» сатты», «кісі өлтіріп, тонады» деген айыптар бойынша ұзақ мерзімге түрмеге қамалды. Айыптылардың екеуі - 23 жылға, екеуі - 22 жылға, үшеуі 18 жылға сотталған. Сегізінші сотталушы «қылмыстықістерді біле тұра хабарламады» деген айыппен бір жылға шартты жазаға кесілді. Суретте: «Терроризм» айыбымен сотталған сегіз адам мен адвокаттары сот үкімін тыңдап тұр. Атырау, 5 маусым 2013 жыл.

Атырау қалалық соты қуғындағы саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтың туыстарына жалған төлқұжат жасады деген айыппен жеті адамға үкім шығарды. Суретте: көші-қон полициясының бұрынғы қызметкері Жомарт Күшәлиев пен жеке фирманың қызметкері Асылбек Сайфуллин сот үкімін тыңдап тұр. Атырау, 4 маусым 2013 жыл.

«Қазақстан мұсылмандар одағы» ұйымының төрағасы Мұрат Телібеков (суретте) тұтқындалып, «заңсыз өткізетін акцияға шақырды» деген айып бойынша әкімшілік сот шешімімен 7 күнге қамалды. Сонымен бірге оппозициялық белсенді Ермек Нарымбаев «заңсыз жиынға қатысқан» және «билік өкіліне қарсылық танытқан» деп айыпталып, 10 күнге қамалды.

26 жастағы Азамат Аязбековке шыққан сот үкімін өзгертуді талап етіп, Астанадағы кранның басына 29 мамырда шыққан анасы Бағжан Аязбекова мен зайыбы Гүлім Бабақова (суретте) маусымның 4-і күні қарсылық акциясын аяқтап, жерге түсті. Бас прокуратура Аязбековтің заңсыз сотталғанын мойындады.

«Ақша бопсалады және билік өкілдеріне қарсылық көрсетті» деген айыппен жеті жылға сотталған Азамат Аязбеков (суретте) жазасын түрмеде өтеп жатыр. Туыстары оны «күдіктілерге қарсы жалған куәлік етуден бас тартқаны үшін полиция айыптыға айналдырып, жазықсыз соттады» дейді.

Астанадағы «Благодать» христиан-пресвитериандық шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев (суретте) «бірлестікке садақа жинау мақсатында қауым мүшелеріне еліртетін дәрі беріп, психологиялық ықпал еткені» үшін екі айға қамалды. «Жәбірленуші» Ләззат Әлменова зардап шекпегенін айтады. Сот кінәлі деп таныса пастор жеті жылға қамалуы мүмкін.

Астанадағы 35 мансардалы пәтердің тұрғындары биліктен басқа баспана бөлуді сұрайды. Себебі үлескерлікпен алған бұл пәтерлерге су бармайды, шатырынан тамшы ағады. Мансарды апатты деп танылған. Суретте: мансардалы пәтер тұрғыны Әділ Мусин төбеден су аққан тұсты көрсетіп тұр.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» қозғалысының белсенділері қарыздарын есептен шығаруды талап етіп, Kaspi bank ғимараты алдында наразылық шарасын өткізді. Банктің борышкерлермен оңаша кездескен атқарушы директоры Владлен Ким әр адамның мәселесін жеке қарайтындарын айтты. Алматы, 7 маусым 2013 жыл.

Маусымның 6-сы күні Баян-Өлгий аймағына келген Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж (суретте сол жақта) азаматтықтан айырылған қазақтардың маусым айында түгел қайта моңғол азаматтығына қабылданатынын мәлімдеді. Моңғолияда тұратын бұл қазақтар Қазақстанда өздерінің сыртынан азаматтық пен оралман квотасын рәсімдеген белгісіз адамдардың жемқорлық әрекетінің құрбаны болғанын айтады.

Стамбулда полиция Таксим алаңындағы паркке құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсылық танытқандарға күш қолдан соң Түркиядағы үкіметке наразылық жаппай шерулерге ұласты. Суретте: Наразылық шарасына қатысушылар. Түркия, 5 маусым 2013 жыл.

Маусымның 6-сында Ресей президенті Владимир Путин мен оның әйелі Людмила Путина ажырасқандарын мәлім етті. «Бұл – ортақ шешіміміз» деді Владимир Путин әйелімен бірге Мәскеуде балет қойылымын тамашалап шыққан соң.

Чехия, Австрия және Германияда нөсер жауын жауып, су тасқыны болды. Дерек бойынша, апаттан бірнеше адам көз жұмды. Суретте: Чехиядағы Бланице өзені маңындағы үйдің тұрғыны баспанасына кірген суды шелекпен сыртқа төгіп жатыр.