Ranch for Kids: Бізде Қазақстаннан алынған бала жоқ

АҚШ-тың Монтана штатындағы Ranch for Kids мекемесі. 2011 жылғы сурет.

АҚШ-тың Монтана штатының Эврика қаласындағы Ranch for Kids мекемесінде Қазақстаннан асырап алынған балалар жоқ. Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі шілденің 18-і күні хабарлама таратты.

Елшілік Қазақстаннан асырап алынған балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты туралы ақпаратты Қазақстан үкіметіне жолдағанын мәлімдеген. Сонымен бірге АҚШ үкіметінің халықаралық бала асырап алуға қатысты серіктестермен ынтымақтастығын жалғастыруға мүдделі екені айтылған.

Бұған дейін Қазақстанның ресми ақпарат құралдары шілденің 17-і күні Астанада Ресей президентінің бала құқығы бойынша өкілі Павел Астаховтың Қазақстан бас прокуратурасына «АҚШ-тың Монтана штатындағы Ranch for Kids лагеріндегі Қазақстан балаларының тізімін» бергенін хабарлаған еді. Астахов «ол мекемеде 15 жылдың ішінде Қазақстаннан қанша бала болғанын міндетті түрде анықтаймыз» деп мәлімдеген.