Жапония ғарышқа сөйлейтін робот ұшырды

Kibo Robot жобасы бойынша жасалған робот.

Тамыздың 4-і күні халықаралық ғарыш станциясына Жапония ұшырған жүк кемесімен адам сияқты сөйлей алатын робот жөнелтілді. Жүк кемесі тамыздың 9-ы күні ғарыш станциясына жетуі тиіс.

Жапон тіліндегі "үміт" ("кибо") және "робот" сөздерінен құралған "Киробо" (Kirobo) атты робот-ғарышкер биыл қараша айында халықаралық ғарыш станциясына ұшып барады деп жоспарланған жапон ғарышкері Коичи Вакатаға серік болмақ. Киробо жапон тілінде сөйлей алады.

Сонымен бірге робот-ғарышкермен жерде қалған Мирата (Mirata) атты тағы бір сыңары сөйлесетін болады деп хабарланды. Бұл екеуін де Токионың ғылым және технология университетінің мамандары Kibo Robot жобасы бойынша жасап шығарған.