Ақтөбеде журналисті ұрып кетті

Соққыға жығылған ақтөбелік журналист Игорь Ларра. Ақтөбе, 21 тамыз 2013 жыл.

Guljan.org сайты, Assandi times және «Свобод слова» газеттерінің Ақтөбедегі тілшісі Игорь Ларраны белгісіз біреулер ұрып кеткен. Бұл туралы Азаттық тілшісіне журналистің өзі телефон арқылы хабарлады.

Ларраның айтуынша, оқиға 20 тамыз күні түнгі сағат 11-лер шамасында болған. Жолдасының үйінен шығып, арнайы шақыртқан таксиге беттеп келе жатқанда кенеттен тап берген төрт адам оны ұрып кеткен. Соққыдан журналистің басы жарылып, денесі ісінген.

Игорь Ларра шабуылды кәсіби қызметімен байланыстырады. Өзінің айтуынша, ол Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов туралы сын мақалалар жазып жүрген.

Азаттық тілшісіне Ақтөбе облысы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкері Ермек Тауанов "журналистің соққыға жығылуына әкімнің қатысы жоқ" деп жауап берді.

Игорь Ларра бұған дейін де, 2010 жылы осындай шабуылға ұшыраған еді.