БҰҰ: Сириядан 1 миллион бала босып кеткен

Ирак шекарасындағы босқындар лагерінде жүрген сириялық балалар. 4 шілде 2013 жыл.

БҰҰ Сирияда қақтығыстар басталған екі жарым жылға жуық уақыттан бері елден босып кеткен балалардың саны 1 миллионға жеткенін хабарлады.

БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры мен ұйымның Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің дерегінше, Сириядағы тағы 2 миллион бала мен жасөспірім үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Қақтығыстар басталғалы бері Сириядан босып кеткен адамның жалпы саны 2 миллионды құрайды.

Сәрсенбіде сириялық көтерілісшілер "үкімет әскері Дамаск маңында химиялық шабуыл жасап, одан 500-ден 1300-ге дейін адам құрбан болды" деп мәлімдеген еді.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Сирия үкіметін елде химиялық қару қолданылғанын тексеру үшін Сирияға барған халықаралық сарапшылардың жұмысына қолдау көрсетуге шақырды.