Футбол-2014: Украина Францияны жеңді

Украина және Франция футболшылары ойын кезінде. Киев, 15 қараша 2013 жыл.

Футболдан Украина ұлттық құрамасы 2014 жылғы әлем чемпионаты іріктеуінің плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойында Франция командасын 2:0 есебімен жеңді.

Жұма күні кешке Киевте өткен кездесудің 61-минутында француздар қақпасына алғашқы голды Роман Зозуля салды. Ал оның командаласы Андрей Ярмоленко ойынның 82-минутында пенальтиден екінші допты енгізді. Қарымта кездесу 20 қарашада Парижде өтеді.

Сонымен бірге, футболдан әлем чемпионатының Рейкьявиктегі іріктеу ойынында Исландия мен Хорватия 0:0 есебімен тең түсті. Португалия командасы Швецияны 1:0 есебімен ұтты, бұл матчтағы жалғыз голды Криштиану Роналду салды.

Ал Румыния футболшылары Грекия құрамасынан 3:1 есебімен жеңіліп қалды.