Боснияда "адамзатқа қарсы қылмыс жасаған" 9 адам ұсталды

Сарапшылар Босниядағы соғыста қаза тапқандар жерленген жерден адам мәйіттерін зерттеуге қазып алып жатыр. Босния, қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Боснияда тоғыз серб полицейі осы елде 1992-1995 жылдары болған соғыс кезінде адамзатқа қарсы қылмыс жасаған деген айыппен тұтқындалды.

Боснияның мемлекеттік айыптау кеңсесінің 4 желтоқсанда хабарлауынша, тоғыз адам 1992 жылы мамыр мен желтоқсан айлары аралығында мұсылмандар мен хорваттарға қарсы науқандар кезіндегі "қуғын-сүргінге, депортация мен заңсыз түрмеге жабу, азаптау және кісі өлтіру қылмыстарына" қатысы бар деп айыпталып отыр.

Күдікті тоғыз адамның жетеуі Котор Варош қаласында, біреуі - Билека қаласында, тағы біреуі Требинье қаласында ұсталған.

Босниядағы соғыста 100 мыңнан астам адам қаза тауып, 2 миллионға тарта адам босып кеткен я үй-күйсіз қалған еді.