Киевте 30 журналист зардап шекті

Демонстранттар мен милиция жасағы арасындағы қақтығыс. Киев, 21 қаңтар 2014 жыл.

Киевте демонстранттар мен милицияның қақтығысынан 30 журналист зардап шекті.

Өткен түнде Грушевский көшесінде оқиғалардан хабар таратып жүрген РЕН ТВ телеарнасының тілшісі Станислав Григорьев пиротехникалық граната жарылысынан жараланып, қазір ауруханада жатыр. Бұған дейін Азат Еуропа/Азаттық радиосы Украин қызметінің журналисі мен операторы соққыға жығылған еді.

Бұдан ертерек Бұқаралық ақпарат институты 5 канал, 1+1, СТБ, ICTV телеарналарының, "Вести" және LB.ua. газеттерінің журналистері зардап шеккенін хабарлаған.

Бүгін "Голос Украина" газеті 16 қаңтарда парламент ережелерін бұза отырып қабылданған, кейін елде наразылық шерулеріне түрткі болған заңдарды басып шығарған. Жаңа заңдар бойынша, наразылық акцияларына шыққандарға ірі көлемде айыппұлдар салынып, бірнеше тәулікке қамалады.

Оппозициялық саясаткерлер заңдарды жариялаған парламенттік басылымның санын шығармауға әрекет жасағанымен, одан нәтиже шықпады.

Қазір Киевтің орталығында жағдай шиеленіскен күйінде тұр. Өткен түнде "Беркут" милиция жасағы демонстранттарды Еуропа алаңынан тықсырып шықпақ болып, травматикалық қару, көзден жас ағызатын газ қолданған.

Украина оппозициясы қақтығыстарға президент Виктор Янукович жауапты деп, онымен дереу кездесуді талап етіп отыр.