БҰҰ терроршыларға кепілдегілер үшін ақша төлемеуге шақырды

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі ұйымға мүше барлық мемлекеттерді терроршыларға кепілге алынған азаматтарын босату үшін ақша төлеуден бас тартуға шақыратын қарар қабылдады.

Ұлыбритания ұсынған қарарда кепілдегілерді босату үшін төленген ақшаны террористердің қылмыстық істерін қаржыландыруға және қатарларына жаңа жақтастар табуға пайдаланатыны айтылады.

Ұлыбританияның БҰҰ-дағы елшісі Марк Лайл Грэнттің айтуынша, соңғы үш жылда "әл-Қаида" ұйымымен байланысы бар және басқа да терроршыл топтар кепілге алынғандарды босату үшін 105 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы алғаны айтылады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған қарарды ұйымға мүше 193 мемлекеттің барлығы бірдей орындауға міндетті. Бірақ қарарды орындаудан бас тартқан елге қарсы қандай шара қолданылатыны айтылмаған.