Пәкістанда кинотеатрдағы жарылыс 4 адамды мерт етті

Пәкістан картасы. Көрнекі сурет.

Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясының орталығы Пешавар қаласында 2 ақпанда белгісіз адамдар кинотеатр ішіне екі граната лақтырып, жарылыстан төрт адам қаза тапты. 30-дан астам адам жараланды.

Полиция өкілінің хабарлауынша, жарылған гранаталар Қытайда жасалған. Оқиға болған сәтте кинотеатрда 100-ге жуық адам болған.

Шабуылға жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ.

Пешавар - Пәкістанда киноны құптамайтын исламшылдарға қарсы күрес жүріп жатқан қалалардың бірі.