Пәкістанда тоғыз көтерілісші қаза тапты

Пәкістандағы "Талибан" қозғалысы жетекшілері баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. 21 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Пәкістан қарулы күштері елдің солтүстік-батысындағы қарулы топтарға тікұшақтармен шабуыл жасады. Бұл туралы 22 ақпан күні хабарланды.

Шабуылдан қарулы топтардың тоғыз көтерілісшісі қаза тапқан. Қақтығыс Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясында болған. Бұл аймақта "Әл-Қаидамен" байланысы бар "Талибан" содырлары көп.

Тікұшақ шабуылы - Пәкістан армиясының соңғы күндері осы аймақта жасаған үшінші шарасы. Мұның алдында, осы аптадағы ұшақ шабуылынан 35 содыр өлгені хабарланған.

Бұл шабуылдар Пәкістан үкіметі мен "Талибан" келіссөздеріне кедергі келтіріп отыр.