Янукович баспасөз мәслихатын өткізді

Виктор Янукович, Украинаның қызметінен алынған бұрынғы президенті. Дондағы Ростов, 28 ақпан 2014 жыл

Ақпанның 28-і күні Дондағы Ростов қаласында (Ресей) баспасөз мәслихатын берген Украинаның биліктен тайдырылған бұрынғы президенті Виктор Янукович "елінен қашпағанын, өміріне қауіп төнген соң Ресейге кеткенін" мәлімдеді.

Өзін әлі де "Украинаны президентімін" деп атаған Янукович: "Мен Жоғарғы Рада қабылдаған заңға қол қойған жоқпын. Бұл - менің президент екенімді дәлелдейтін заң жүзіндегі факт. Отставкаға өтініш жазған жоқпын, маған импичмент жариялаған жоқ" деді.

Янукович Украинада мамырдың 25-і өтуі тиіс президент сайлауын заңсыз деп атап, оған қатыспайтынын айтты. Ол халықаралық арағайын елдердің кепілі болса ғана Украинаға оралатынын мәлімдеді.

Янукович Украинаның қазіргі билігін "сыртқы күштердің қолдауына сүйенген ұлтшыл, профашистік шағын топ" деп сипаттады. Жоғарғы Раданы заңсыз деп танитынын айтқан Янукович Украинаны тұрақсыз күйге түсірген "Майданға қолдау көрсеткен Батыстың жауапсыз саясаты" деп біледі.

Ол Ресейден әскери көмек сұрамайтынын айта келе, "Украина аумағында басқа киім киген Ресей әскерлері жүр" деген пікірді жоққа шығарды.