Белсенділер Қазақстанның Еуразия Одағына кіруіне қарсы

Жанболат Мамай, "Рух пен тіл" қозғалысының жетекшісі.

Бүгін Алматыда бір топ қоғамдық белсенді бүгін Еуразия экономикалық одағының құрылуына қарсылық білдіріп, антиеуразиялық форум өткізуге шақырды.

"Рух пен тіл" қозғалысының жетекшісі Жанболат Мамай "Қазақстанның Еуразия Одағына кіруі жөніндегі қол қойылуға тиісті құжаттар 1 мамырда дайын болады, ал келесі жылы қаңтардан бастап Қазақстан осы одаққа кіреді. Бұл дегеніміз - шекара, парламент ортақ болып, ортақ мемлекеттен жоғары тұратын орган құрылады деген сөз,-"деген.

Жанболат Мамай Қазақстанның Еуразия Одағына кіруіне қарсылар 12 сәуірде Алматыда антиеуразиялық форум өткізетіндерін айтады.

Белсенділер таратқан хабарламада Еуразия Одағына кіруге қатысты барлық құжаттар тұрғындардың пікірімен келіспестен, жасырын түрде дайындалып жатқаны айтылады. Белсенділер Қазақстан Еуразия Одағында екі елмен (Ресей және Беларусь) ғана сауда-саттық жасағаннан гөрі 115 мемлекет мүше Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға ұмтылғаны жөн дейді.