Орал белсенділері Ресей консулдығына хат тапсырды

Оралдық белсенділер Ресей консулдығына хат тапсырып тұр. Орал, 4 наурыз, 2014 жыл

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында «Абырой» қоғамдық ұйымының бірнеше белсендісі Ресей бас консулдығына барып, ашық хат тапсырды. Олар хатта Ресейден Украинадағы әскери әрекеттерін тоқтатуды, ол елдің ішкі істеріне араласпауды талап еткен.

Шараға қатысқан оралдық бард әнші Жанат Есентаевтың Азаттыққа хабарлауынша, хат тапсырушылардың арасында Исатай Өтепов, Берік Шадығали, Мақсат Айсауытов сияқты белсенділер мен жергілікті газет тілшілері болған. Оның айтуынша, хатты консулдық өкілі қабылдап алған, белсенділердің шарасына полициядан ешкім келмеген.

Осыған ұқсас шаралар 3 наурызда Астана мен Алматы қалаларында да өтіп, полиция қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан мен «Антигептил» қозғалысының мүшесі Махамбет Әбжанды ұстап әкеткен еді. Сол күні Алматы қаласының ауданаралық арнайы әкімшілік соты Мұхтар Тайжанға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған.

1 наурызда Ресейдің федерация кеңесі "Ресей әскерін Украинада қоғамдық-саяси жағдай тұрақтанғанға дейін" пайдалануды" бірауыздан мақұлдаған еді. Мұндай ұсынысты Ресей президенті Владимир Путин жасаған.

Украина билігі этникалық орыстар көп тұратын, Ресейдің әскери теңіз флоты орналасқан Қырым аумағына бірнеше мың ресейлік әскер әкелінгенін мәлімдеген.
Қырымда болып жатқан оқиғалар Батыс елдерінің алаңдаушылығын тудырды. АҚШ, Еуропа Одағы мен НАТО Ресейді Украинадан әскерін шығарып, шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырды.