Иранда оппозициялық басылым қызметі тоқтатылды

Газет-журналдар сөресі жанында тұрған әйел. Тегеран, 20 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Иранның ақпарат агенттіктері елдің Баспасөз қызметін бақылау кеңесі "материалдарының мазмұнына байланысты" "9 Дей" деп аталатын оппозициялық бағыттағы газеттің қызметін тоқтатқанын хабарлады. Бақылау кеңесі өткен жылы газет бірнеше рет ескерту алғанын айтады.

"9 Дей" басылымының бас редакторы Алиреза Моафтың айтуынша, басылымның қызметін тоқтатуға газетте үкіметтің "ядролық, мәдени және экономикалық саясатын" сынаған мақалалардың жариялануы негізгі себеп болған. Алиреза Моаф газет мақалаларына қатысты іс сотқа түскенін айтады.

Қаңтар айында Баспасөз қызметін бақылау кеңесі тағы бір оппозициялық бағыттағы "Йа Лесарат" басылымын да жапқан еді.

Иран билігі соңғы айларда реформашыл бағыттағы тағы екі газеттің де қызметін тоқтатқан.

"Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы Иранды әлемде сөз бостандығы ең нашар елдердің қатарына жатқызады.