АҚШ Иранның БҰҰ-дағы елшісін кіргізгісі жоқ

Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі қызметіне кандидат ретінде ұсынылған Хамид Абуталеби.

АҚШ сенаты 7 сәуір күні кез-келген елдің БҰҰ-дағы өкілін, егер оның тыңшылық, террористік және АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін қандай да бір әрекетке қатысы болса елге кіруіне тыйым салатын заң жобасын мақұлдады.

Құжаттың мақұлдануына Иранның Хамид Абуталебиді БҰҰ-дағы тұрақты өкілі етіп тағайындамақ ниеті түрткі болған. Абуталеби - 1979 жылы Тегерандағы АҚШ елшілігін басып алу оқиғасына қатысты деген күдікке ілінген адам. 1979 жылғы бұл оқиғадан соң АҚШ пен Иранның дипломатиялық қарым-қатынасы үзілген еді.

Заң жобасын Техас штатынан сайланған республикашыл сенатор Тед Круз ұсынған. Ол Иранның Хамид Абуталебиді өкіл етіп тағайындау әрекетін АҚШ-ты "қорлауы" деп атады.

Енді бұл заң жобасы өкілдер палатасының қарауына түседі. Егер өкілдер палатасы жобаны мақұлдаса, онда ол президент Барак Обаманың қол қоюына жіберіледі.

Әзірге өкілдер палатасы да, Ақ үй де өз пікірлерін білдірмеді.

БҰҰ мен АҚШ арасындағы келісім-шарт бойынша АҚШ ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде жұмыс істейтін дипломаттарға ел аумағында жүріп-тұруға рұқсат етуі тиіс.

Бірақ Reuters агенттігі кейбір жағдайларда АҚШ-тың шетел дипломаттарына ел аумағында жүріп-тұру визасын беруден бас тарту құқығы бар екенін айтады.