ФСБ: Доку Умаровтың қаза тапқаны рас

Солтүстік Кавказдағы бүлікшілердің жетекшісі Доку Умаров.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) директоры Александр Бортников Солтүстік Кавказдағы бүлікшілердің жетекшісі Доку Умаровтың қаза тапқанын растады.

Бүгін өзі басқаратын ұлттық антитеррористік комитеттің отырысында сөйлеген Бортников Умаров 2014 жылдың алғашқы тоқсанында, "жедел жүргізілген әскери жұмыстар кезінде" көзі жойылғанын хабарлады. Оның сөзінше, 200-ден астам бүлікші ұсталған.

18 наурызда Ресейдегі қарулы исламшылдарға жақын kavkazcenter.com сайты Умаровтың қаза болғанын хабарлаған еді. Ұлттық антитеррористік комитет ол кезде Умаровтың өліміне қатысты түсінік беруден бас тартқан.

Ал бұған дейін Умаров өлді деп бірнеше рет айтқан Шешенстан президенті Рамзан Қадыров 18 наурызда Instagram-дағы парақшасында Умаровтың арнайы операция кезінде мерт болғанын жазған.

Арнайы қызмет Доку Умаровқа қарсы операцияларды ұдайы жүргізіп келген. Умаровтың қаза тапқаны туралы хабар да бірнеше рет шыққан.

Доку Умаровтың Ресейде болған бірнеше ірі жарылыстарға қатысы бар делінеді. Умаров 2010 жылы наурызда Мәскеу метросында болған жарылыс пен 2011 жылы қаңтарда Домодедово әуежайында болған жарылысты мойнына алған.

Өткен жылы Умаров интернетте Сочи олимпиадасын өткізбей тастайтынын мәлімдеген видео жариялаған.