Әблязовтың жақтастарының соты қайта жалғасты

Көрнекі сурет

Орал қалалық сотының судьясы Гүлнәз Оспанова 9 сәуір күні жергілікті азаматтық белсенді Руслан Әбденовтің Асқар Шайғұмаров пен Марат Жанұзақов есімді басқа екі белсендінің үстінен түсірген шағымы бойынша сот тексеруінің қайта жалғасатынын мәлімдеді. Бұл шағым бұған дейін де сотта қаралған болатын. Судья 11 сәуір күні жаңа сот отырысы өтетінін хабарлады.

Әбденовтің сотқа шағымдануына 2014 жылғы ақпанда оппозициялық "Алға" партиясының бір топ белсенді мүшесінің Франция әділет министріне үндеу жазып, осы елде былтырғы жаздан бері қамауда отырған оппозициялық тұлға, қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязовты экстрадицияламау туралы өтініш айтуы себеп болған. Сотқа шағымданушы үндеуге қол қоюға рұқсат бермегенін айтып 1 миллион теңге (5,4 мың доллар) өтемақы талап етеді.

Судья Гүлнәз Оспанованың сөзінше, сот процесін қайта жандандыруға жауапкер Марат Жанұзақовтың талап арызын кері қайтарып алуы негіз болған. Одан бөлек арызданушы Әбденовтен оның Жанұзақовпен арада болған телефон әңгімесінің аудиожазбасы келген. Әуелгі сот отырыстарында судья бұл аудиожазбаны іс материалдарына тіркеуден бас тартқан.

Жауапкер, Көкшетау қаласының тұрғыны Марат Жанұзақов Оралдағы сот отырыстарына қатысып жүрген жоқ. Оның Азаттыққа айтуынша, талап арызын қайтарып алу кезінде соттан "арызданушының талаптарын заңсыз және негізсіз деп тануын" сұраған.