Ауғанстандағы тасқыннан жүзден аса адам қаза тапты

Суға кетіп, қаза тапқан адамдардың мәйіттері. Ауғанстан, Жаузжан провинциясы, 25 сәуір 2014 жыл.

Ауғанстанда су тасқынынан 100-ден аса адам қаза тауып, мыңдаған адам көшірілген.

Елдің солтүстік және солтүстік-батыс аймақтарында екі күн толассыз нөсер жауған. Жаузжан провинциясы полициясы "25 сәуір күні суға кеткен 55 адамның мәйіті табылғанын" хабарлады. Оның 15-сі провинция орталығы Шибирган қаласынан табылған. Ал ондаған адам ізім-ғайым жоғалып кеткен. Полиция "қаза тапқан адамдар саны бірнеше күнде бұдан да көбейеді" деп болжайды.

Аймақ полициясының хабарлауына қарағанда, тікұшақтар 1 мың 500 адамды қауіпсіз жерге апарып үлгерген. Билік өкілдері 25 сәуір күні Фаряб провинциясынан - 33 мәйіт, Герат провинциясынан - алты, Бадгис және Сари-Пуль провинцияларынан 13 адамның денесі табылғанын хабарлады.