"ҚазСат-3" орбитаға шығарылды

Қазақстандық "ҚазСат-3" және ресейлік "Луч-5В" спутниктері тиелген "Протон-М" зымыран тасығышы ғарыш айлағында тұр. Байқоңыр, 28 сәуір 2014 жыл. ("Роскосмос" агенттігінің Youtube-тегі каналынан скриншот).

"Байқоңырдан ұшырылған қазақстандық "ҚазСат-3" спутнигі Жер орбитасына шығарылды" деп хабарлайды ресейлік "Роскосмос" агенттігі.

"ҚазСат-3" спутнигі 28 сәуір күні Астана уақыты бойынша сағат 10:25-те ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышымен ұшырылған еді. Спутник 28 сәуір күні Астана уақыты бойынша 19:57-де зымыран тасығыштан ажырап, орбитаға шығарылған.

"ҚазСат-3" спутнигі Қазақстан аумағында және көршілес елдерге байланыс қызметі, телехабарлар тарату және интернет байланысы қызметін көрсетуге арналған.

Қазақстан 2006 жылы - "ҚазСат-1", 2011 жылы "ҚазСат-2" спутнигін ғарышқа ұшырған. Қызмет ету мерзімі 10 жылға жарамды делінген "ҚазСат-1" екі жылдан кейін істен шығып қалған. "ҚазСат-2" спутнигі қазір бірқалыпты жұмыс істеп тұр.