Украина: Атыстан 15 сепаратист қаза тапты

Донецк облысы аумағында жүрген украин әскері. 5 маусым 2014 жыл.

Украинаның шекара күзеті қызметі 5 маусым күні елдің шығысында Ресеймен шекарада болған қақтығыста 15 ресейшіл сепаратистің қаза тапқанын хабарлады. Сепаратистердің бірнеше көлігі қиратылған.

Шекара қызметі 6 маусымда таратқан хабарламасында украин әскері мен сепаратистер арасындағы атыс 5 маусым күні кешке Донецкіден шығысқа қарай 95 километр жердегі Мариновка қаласында болғанын айтады. Атыстан украиналық 5 сарбаз жараланған.

Қақтығыстардан соң Украина үкіметі Ресеймен шекарадағы бірнеше бекетті жабуға бұйрық берген. Украина сепаратистік жасақтар Ресей шекарасы жағынан шабуылдағанын айтады.

Ресей сыртқы істер министрі шекара бекеттерінің жабылғанына наразылық білдірді.