Астанада үлескерлер митингісі өтті

«Тұлпар-8» тұрғын үй кешенінің үлескерлері наразылық шарасын өткізіп тұр. Астана, 1 шілде 2014 жыл

«Тұлпар-8» тұрғын үй кешенінің 30-дан астам үлескері Астанада рұқсат етілген наразылық жиынын өткізді. Олар 6 жыл бойы үй салып бітпей жатқан ASI құрылыс компаниясының мүлкін тұтқындауды талап етті.

Бірнеше ай бұрын құрылыс салушы 49 үлескермен келісім-шартты үзгенін хабарлаған. Компания жер учаскесін алу кезінде қиындық көріп, пәтерлерді салып бітпегенін мәлімдеген.

"2008 жылы дағдарыс кезінде бұл пәтерлерді сатып алғанда біз алғашқы жарна төлегенбіз. Көбіміз - жалақысы аз мемлекеттік қызметкерлерміз. Жиырма пайыздық алдын ала төлемді жабу үшін кейбіріміз несие алдық. Күте-күте шаршадық, пәтерімізді берсін" деді Азаттыққа үлескер Мәдина Балғабаева.

Азаматтық белсенді Махамбет Әбжанның сөзінше, үлескерлер қала әкімдігінен бұл мәселені бақылауға алып, құрылыс компаниясының мүлкін (жерін, есеп-шоттары мен салынып бітпеген секцияларды) тұтқындауды сұрамақшы.

Наразы үлескерлер ASI құрылыс компаниясына бірнеше мәрте арызданса да, еш нәтиже шықпағанын айтты.