Израиль ХАМАС нысандарына шабуыл бастады

Газа секторындағы Израиль әуе күштері жасаған соққылардан кейінгі көрініс. 8 шілде 2014 жыл.

Израиль қарулы күштері Газа секторындағы ХАМАС ұйымының жасақтарына қарсы "Қорғаныс шебі" операциясының басталғанын хабарлады.

Израильдің өзін-өзі қорғау күштерінің өкілі, подполковник Питер Лернердің хабарлауынша, операция барысында ХАМАС-тың Изарильге шабуыл жасауда қолданылған нысандарына соққы беріліп жатыр.

Бұған дейін Израильдің өзін-өзі қорғау күштері Газа секторында жағдайдың шиеленісуіне байланысты резервтегі мың жарымға жуық адамның әскерге шақырылатынын хабарлаған. Израильдік және халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, операция 8 шілдеге қараған түні басталған.

7 шілдеде Газа секторынан Израиль территориясына қарай ондаған зымыран атылған. Зымырандардың біразын зымыранға қарсы әуе қорғанысы жүйесі атып түсірген, кейбірі елді-мекендерге түскен.

Газа секторындағы жағдай соңғы күндері палестиналық жеткіншектің өлімінен кейін шиеленісе түскен. Мұның алдында 12 маусымда Иордан өзенінің батыс жағалауында ұрланған израильдік үш жасөспірімнің өлі денелері табылған.