Қырғызстанда ҰҚШҰ елдерінің әскери жаттығуы өтеді

ҰҚШҰ әскери жаттығуларына қатысып жүрген Армения сарбаздары. Армения, қыркүйек, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше бес мемлекет - Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Тәжікстанның әскери бөлімдері Қырғызстанға біріккен әскери жаттығу өткізу үшін жиналды.

Қырғызстандық әскери шенеуніктің 28 шілде күні Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлауынша, алты ел әскерилері бүгін Бішкекке жақын жерде - Алатаудың бөктерінде жоспарлы "Мызғымас бауырластық - 2014" жаттығуларын өткізеді.

Бұдан он шақты күн бұрын ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштері, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қарулы күштері Ресейдің Челябинск облысында төрт күндік әскери жаттығулар өткізген еді.