Уақыт бедері

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда 2011 жылдың басынан бері үздіксіз жалғасып жатқан қымбатшылық және үкіметтік шаралар. 2011 жылы халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдарының болжамы бойынша инфляция мен азық-түлік тағамдарына бағаның өсімі жоғары қарқында болатындығы айтылған еді. Мұның өзі дамып келе жатқан мемлекеттер үшін үлкен проблема болмақ дейді сарапшылар. Ал елдегі азық-түлік бағасының өсіміне бірнеше себептер бар болып отыр. Ең бастысы, бұған әлемдегі азық-түлік тағамына бағаның өсуі әсер етуде дейді мамандар. Мәселен, Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша биылғы 1 ай ішінде азық-түлік тауарының бағасы 29 пайызға өскен. Оның ішінде мұнайға әлемдік бағаның құбылуы да азық-түлікке әсер етеді. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың мәлімдеуінше, Үкімет тарапынан азық-түлік бағасын ырықтандыруға қатысты бірқатар жұмыстар атқарылуда. «Біріншіден, қысқа мерзімді шаралар қарастырылады. Бұған орай әкімдіктер жанындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қаражат бөлініп, олар халықты арзан бағадағы жеміс-жидекпен және көкөніспен қамтамасыз ететін болады. Екіншіден, сырттан келетін азық-түліктің импортына баж салығын төмендетуді қарастырып жатыр. Үшіншіден, елімізде азық-түлікті толық қамтамасыз ету, импорттық тәуелділіктен арылып, бағаны қалыпты ұстау үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге кешенді субсидиялар қарастырмақ» деп хабарлады министр.