"ҚазМұнайГаз": Бензинді қымбаттату қажет

"ҚазМұнайГаз" компаниясының автокөлік отынын құю бекеті. Ақтау, 20 тамыз 2014 жыл.

Қазақстанда халық ең көп тұтынатын АB-92 бензині 10-15 пайызға қымбаттауы қажет деп мәлімдеді "ҚазМұнайГаз өңдеу және маркетинг" компаниясының басшылығы.

Компания директорының маркетинг бойынша орынбасары Ерлан Қойбағаров бағаны қымбаттатудың екі факторын атады. "Біздің сараптамамыз бойынша, бағаны 10-15 пайызға қымбаттатуға екі фактор - өткен девальвация мен жанармайдың бұл түрінің құнының маусымдық өсуі себеп болады" деп мәлімдеді ол.

Ал компания директорының бірінші орынбасары Ерболат Қожабаев 20 тамыздан бастап Қазақстанда бірқатар жанармай құю станцияларында АИ-95 және АИ-96 маркалы бензин 5 пайызға қымбаттағанын айтты. Бірақ ол бұл бағаның қаншалықты сақталып тұратынын білмейтінін жеткізді.

Қазір Қазақстанда жанармай жеткізуде іркіліс барын айтқан Қожабаев "бұл жағдай қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау аяқталмайынша өзгермейді" деді.