Апта бейнелері: 18 - 23 тамыз

18 тамыз күні Эквадордың Лондондағы дипломатиялық өкілдігінде тұрып жатқан Джулиан Ассанж елшіліктен кететінін мәлімдеді. Көп елдерде құпия саналып келген мыңдаған құжатты жариялаған WikiLeaks сайтын құрған 43 жастағы Ассанж Ұлыбритания билігі өзін «әйел зорлаған» деген күдікпен іздеу жариялаған Швецияға тапсыруы мүмкін деп екі жылдан бері Эквадор елшілігін паналап келген еді.

Ұлыбритания билігі Лондон портынан 16 тамыз күні жүк контейнерінен жансыз денесі табылған адам мен тағы 34 кісі ауғандық сикх қауымының өкілдері екенін мәлімдеді. Бельгия полициясы адамдар салынған контейнерді 15 тамыз күні бельгиялық портқа жеткізген жүк көлігінің маршрутын анықтауға тырысып жатыр. Ауғанстанда жалпы саны үш мыңға жетпейтін сикх қауымының өкілдері ұзақ уақыттан бері діни кемсітушілік пен қуғын-сүргінге ұшырап өмір сүріп жатыр.

Киев 18 тамыз күні Луганск облысында ресейшіл сепаратистердің босқындар отырған көлікке жасаған шабуылынан 17 адам мерт болып, 7 адамның жараланғаны туралы мәлімдеді. Сепаратистер бұл айыпты жоққа шығарды. Бұған дейін Қазақстан ішкі істер министрлігі Украинаның 37 азаматы Алматы мен Астана қалаларынан босқын мәртебесін беруді сұрап, өтініш түсіргені туралы хабарлаған.

19 тамыз күні Алматы гарнизоны әскери сотының үкімі бойынша Алматы облысы Сарыөзек ауылында орналасқан 12740-әскери бөлімінің командирі, аға лейтенант Ғалым Оразғалиев «коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен бес жыл алты айға сотталды. Сот оның мүлкін тәркілеп, офицерлік шенінен айыру туралы қаулы етті.

19 тамыз күні «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары 2012 жылы қарашада Сирияда ұрланған америкалық журналист Джеймс Фоулидің басын алғаны туралы видеоны интернетте жариялады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі (БҰҰ ҚК) Фоулиді өлтіргендерді қатаң айыптап, журналистің қазасына кінәлілерді түгелдей жауапқа тартуға және төзімсіздік идеологиясын ұстанған жиһадшыларға тойтарыс беруге шақырды.
 

20 тамызға қараған түні АҚШ-тың Миссури штатындағы Фергюсон қалашығында болған тәртіпсіздіктер барысында полиция 47 адамды ұстаған. Фергюсонда 9 тамызда полиция офицері 18 жастағы қара нәсілді жас жігітті атып өлтіргеннен кейін Миссури штатында басталған наразылық акцияларының жалғасып жатқанына бір аптадан асты.

21 тамыз күні Қазақстан Жоғарғы соты оппозициялық «Правдивая газетаны» жабу туралы алдыңғы сот шешімін күшінде қалдырды. Ашық сотқа барған журналистер мен Еуропа одағы өкілін бір сағаттан аса уақыт сотқа кіргізбеді.

Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер олимпиадасында қазақстандық ауыр атлет Жасұлан Қалиев (оң жақта) 77 килограмм салмақта қола жүлдеге ие болды.

21 тамыз күні Қазақстан ұлттық экономика министрлігі елде жанар-жағармай өнімдерінің бөлшек саудадағы бағасының жаңа шегін белгіледі. Оған сәйкес, дизель отынының бір литрінің бағасы – 115 теңгеден, АИ-80 маркалы бензин – 89 теңгеден, АИ-92/93 маркалы бензин – 128 теңгеден аспауы тиіс.

21 тамыз күні АҚШ-та Бостондағы терактіге байланысты істі болған Диас Қадырбаев айыбын мойындап, тергеуге болысуға келісті. Террорлық жарылысқа негізгі күдікті Джохар Царнаевтың (суретте оң жақта) айыбын дәлелдейтін айғақ заттарды жойып, «тергеу ісіне кедергі келтірмек болды» деп жауапқа тартылған Диас Қадырбаевтың өзіне тағылған айыпты мойындауы оның жазасын жеңілдетуге мүмкіндік береді деп хабарлады баспасөз құралдары.
 

Астанада жері «мемлекетке қажет» деп танылған үйлерін сүруге қарсылық білдіріп, он алты күн бойы аштық акциясын жариялап жатқан бес әйел (суретте олардың төртеуі көрсетілген) 22 тамыздан бастап су ішуден бас тартты. Сол күні «құрғақ аштық» акциясына тағы бір әйел – Елена Овчарова қосылды. Алдағы уақытта оның үйі де сүрілуі тиіс.

Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер олимпиадасында қазақстандық ауыр атлет Татьяна Капустина (оң жақта) қыздар арасында 63 килограмнан жоғары салмақта қола жүлдеге ие болды.

22 тамыз күні Алматыда танымал опера әншісі Ермек Серкебаевтың Кеңсайдағы зираты басына ескерткіш орнатылды. Сол күні әншінің көзі тірісінде тұрған үйге естелік тақта ілінді. Суретте: Ермек Серкебаевтың ұлы Байғали («А-студио» тобының жетекшісі) әйелі, енесі және қыздарымен бірге.