"Әл-Қаида" Үндістанда бөлімшесін ашпақ

"Әл-Қаида" басшысы Айман әл-Зауахири Үндістанда ұйым бөлімшесі ашылатынын мәлімдеген видеодан скриншот. 4 қыркүйек 2014 жыл.

"Әл-Қаида" террорлық ұйымының басшысы Айман әл-Зауахири Үндістан мен оған көршілес елдерде ұйымның жаңа бөлімшелері құрылатынын жария етті.

АҚШ-та орналасқан SITE барлау тобының дерегінше, жиһадшыл веб-сайтта жарияланған видеода Зауахири жаңа ұйым Үнді субконтинетінде "жиһадтың туы тігілетінін" мәлімдеген.

Сарапшылар Зауахиридің бұл мәлімдемесіне қарап "Әл-Қаида" Таяу Шығыста біраз күш жинаған радикалдық "Ислам мемлекеті" ұйымымен бәсекелеспек ниетте деген болжам айтады.

"Әл-Қаида" тобы негізінен Ауғанстан мен Пәкістанда белсенді әрекет етеді. Сарапшылар "Әл-Қаиданың" мұсылмандар аз тұратын Үндістанда әзірге қандай да бір әрекеті байқалмағанын айтады.

Үндістан телеарналары елдегі мұсылмандар көп тұратын үш штатта Зауахиридің мәлімдемесінен кейін алаңдаушылық пайда болғанын хабарлап жатыр.