Әлеуметтік жақсылық форумы жаңа медиаға арналды

Әлеуметтік жақсылық форумынан көрініс. Астана, 22 қыркүйек 2014 жыл

22 қыркүйекте Астанада басталған әлеуметтік жақсылық форумы Назарбаев университетінде өтіп жатыр. Конференцияның ұйымдастырушылары - БҰҰ даму және еріктілер бағдарламасы, Ұлттық еріктілер желісі.

Биылғы форум «Жалпыны жақсылыққа жұмылдыру: жаңа медиа, инновациялар мен технологиялар Қазақстандағы тұрмысты, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қалай дамытып жатыр» деген тақырып аясында ұйымдастырылған.

Жиында мемлекеттік ұйымдар жобаларын таныстырды. Солардың бірі - келесі жылы Астанада жүзеге асатын электрондық денсаулық паспорты.

"Денсаулық сақтау саласын дамытудың республикалық орталығының" электрондық денсаулық сақтауды стандарттау бөлімінің бастығы Жанна Нұрғалиеваның сөзінше, адамдардың ауру-сырқаулары туралы ақпарат статистика үшін тұмшаланып, өзге адамдардың қолына түспейтін жүйе жасалмақ.

Әлеуметтік жақсылық форумы ғаламдық деңгейдегі бастама болып саналады. Бұл жиындарда әлеуметтік желілер мен жаңа технологиялардың тұрмысты жақсартуға ықпал етуі туралы жаңа идеялар айтылады.