Жапонияда жанартау оянып, адамдар жоғалды

Жапониядағы аралдардың біріндегі жанартау. 20 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жапонияның орталық бөлігінде Онтакэ жанартауы оянуы салдарынан 30-дан аса адам хабар-ошарсыз кеткен. Оларды іздестіру жұмыстарына 500-ге жуық әскерилер жұмылдырылған.

Сенбі күні кенеттен оянған жанартаудан аспанға бірнеше километр биікке түтін мен күл ұша бастаған. Қауіпті аймақтан ондаған адам шұғыл көшірілген, олардың көпшілігі – альпинистер екендігі хабарланды.

Табиғаттың тосын мінезі көрсетуі салдарынан 34 адам зардап шеккен, олардың 12-і айтарлықтай жарақат алған.

Токиодан батысқа қарай 200 километр жерде Нагано префектурасында орналасқан Онтакэ – Жапонияда көлемі жағынан екінші жанартау болып саналады. Оның биіктігі 3067 метр. Бұған дейін жанартау 2007 жылы бір рет оянған болатын.