Тәжікстанда ондаған сайт ашылмай тұр

Көрнекі сурет.

Тәжікстандық интернет қолданушылар елде 5 қазаннан бері жүздеген вебсайттың, оның ішінде Facebook әлеуметтік желісі мен Youtube-тың ашылмай тұрғанын айтады.

Тәжікстанның интернет провайдерлері ассоциациясының жетекшісі Асомуддин Атоев 6 қазанда Азаттыққа ел аумағынан кемінде 200 вебсайттың ашылмай тұрғанын айтты. Бұл сайттардың арасында ресейлік танымал веб-сайттар да бар.

Ақпарат құралдары сайттардың ашылмай қалуын әлеуметтік желілерде Душанбеде 10 қазанда наразылық акцияларына шығуға шақырған үндеулердің жариялануымен байланыстырады. Наразылыққа шақырған үндеулерді қуғындағы оппозиция жетекшісі Умарали Қуватовтың «Group 24» деген ұйымы таратқан.

Тәжікстан коммуникациялар агенттігі басшысының орынбасары Рафикжон Шокиров агенттік қандай бір вебсайтты бұғаулауға тапсырма бермегенін айтады. «Вебсайттарды, оның ішінде Facebook-ты бұғаулануға қатысты ақпараттар шындыққа қайшы» дейді ол.

Тәжікстан билігі соңғы жылдарда танымал вебсайттарды бұғаулауға қатысты бірнеше рет сынға қалған.