Долларға қатысты рубль бағамы құбылып тұр

Мәскеудегі валюта айырбастау орындарының бірі. 6 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Мәскеу қор биржасында бүгін АҚШ долларының бағамы тағы да 40 рубльден аса саудаланып, қайтадан біртіндеп түсті. Рубльдің бағамы доллармен қатар еуроға қатысты да нығайды.

Доллар мен еуроны қоса алғандағы ортақ бивалюталық бағам 44 рубль 73 тиынды құрап, Ресей орталық банкінің интервенциялық аймағына енді. Бүгін орталық банк 7 қазанда валюта жұбы бағамының шегін 5 тиынға арттырып, 44 рубль 65 тиынға жеткізгенін хабарлаған.

"ВТБ Капитал" сарапшыларының дерегі бойынша, соңғы үш күнде Ресей орталық банкі рубльді қолдау үшін екі миллиард АҚШ долларын жұмсаған.

Бұған қоса мұнай бағасы да түсіп барады. Бүгін таңертең қараша айына арналған биржалық келісім-шарт бойынша Brent маркалы мұнай баррелі 91 АҚШ доллары болып саудаланды. Шілде айынан бері бұл марканың бағасы 21 пайызға дейін арзандады. Ресейдің Urals маркалы мұнайының құнын бағалау үшін дәл осы Brent маркасы қолданылады.

7 қазанда Ресей қаржы министрі Антон Силуанов егер мұнай бағасы арзандай беретін болса, бюджет көлемі азаятынын ескерткен. Оның айтуынша, 2015 жылы мұнай бағасы арзандаса, федералдық бюджет шығындары қысқартылмайды. "Бірақ арзандау ары қарай да жалғаса берсе, Ресей билігі өз міндеттерін қайта қарауға мәжбүр болады" деген министр.