Украинада ЕҚЫҰ пилотсыз аппараты сынақтан өтті

Мариуполь маңында сынақтан өткізіліп жатқан ЕҚЫҰ-ның пилотсыз аппараты. Украина, 23 қазан 2014 жыл.

ЕҚЫҰ-ның Украинадағы арнайы бақылау миссиясы Украинаның шығыс бөлігінде пилотсыз ұшатын аппараттың сынақтан сәтті өткізілгенін хабарлады. ЕҚЫҰ Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер мен үкімет әскері арасындағы бітімнің орындалуын бақылау үшін үш пилотсыз аппарат пайдалануды жоспарлап отыр.

Австралиялық аппараттар Донецк облысындағы қақтығыс аймағына жақын Мариуполь ауданы маңында бақылау жүргізген. Аппараттар енді қақтығыс шебін 24 қазаннан бастап тұрақты түрде бақылауға кіріспек. Олар бітім шарты бұзылған жағдайларды тіркеп, қақтығыс аймағындағы жалпы ахуалды біліп отыруға мүмкіндік береді.

Қыркүйек айында Минскіде жасалған бітім бойынша Украинаның шығысындағы әскери қақтығыстардың көпшілігі тоқтаған. Сәуір айында басталған қақтығыстардан 3 мың 700-ден астам адам мерт болды.