Даулы постерге қатысты тағы бір сот шешімі шықты

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: Сот даулы постер үшін жарнама агенттігінен 34 миллион теңге өндіріп алуға шешім шығарды. 28 қазан 2014 жыл.

Бүгін Алматының Алмалы аудандық 2-соты «сүйіскен» классиктерді бейнелеген постер шығарған жарнама агенттігіне қатысты шешімін жариялады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Талғат Садықов постерге қатысты жарнама агенттігінің үстінен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 34 студенті атынан түскен шағымды қанағаттандырды.

Судья жарнама агенттігін шағымданушыларға моральдық шығын ретінде сұраған 34 миллион теңге (шамамен 187,5 мың доллар - ред.) төлеуге міндеттеді. Бұған қоса, жауапкер тарап республикалық БАҚ-тың бірі арқылы жария түрде шағым берушілерден кешірім сұрауы тиіс. Сот шешімі орындалғанға дейін компанияның мүліктер қамауға алынды.

Сотқа шағымданушылар атынан заңгер Нұртас Ахметов, ал жауапкер жақтан Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінің өкілі Дария Хамитжанова мен компанияның мүддесін сотта қорғаушы адвокат Жохар Өтебеков қатысты.

Дария Хамитжанова агенттік сот шешіміне апелляциялық шағым беретінін айтты.