БҰҰ Украинаға қатысты төтенше жиын өткізді

Донецк көшелерінде жүрген айырым белгісі жоқ БТР. 12 қараша 2014 жыл.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарашаның 12-сінде Украинадағы жағдайға қатысты төтенше жиынын өткізді. Жиында АҚШ өкілдері сепаратистердің бақылауындағы аудандарда "кең ауқымды соғыстың қайта басталуы қаупі бар" екенін ескертті.

Қарашаның 12-сі күні НАТО бас қолбасшылығы қарашаның 10-ынан бастап Украинаға Ресейден танкілер, артиллериялық қару-жарақ пен әуе шабуылынан қорғаныс кешендері кіргізіліп жатқанын хабарлаған. Мәскеу бұл ақпаратты теріске шығарып отыр.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Саманта Пауэрс Қауіпсіздік кеңесі жиынында "Ресей бейбітшілік туралы айтқанымен, соғысты өршітуін тоқтатпай отыр" деп мәлімдеді. Халықаралық бақылаушылардың дерегіне қарағанда, кейінгі күндері сепаратистердің позициялары сырттан келген қару-жарақ есебінен біршама күшейтілген.

Брюссельде сөйлеген ЕҚЫҰ бас хатшысы Ламберто Занье ұйымның пилотсыз аппараттарының "сепаратистердің жанында айырым белгілері жоқ әскерилердің жүргенін" байқағанын айтады. Ол бітім шартының орындалуын бақылап жүрген ЕҚЫҰ-ның пилотсыз аппараттарының сигналдарына белгісіз аймақтан жоғары технологиялық әскери құрылғы арқылы бөгет жасалып жатқанын да ескертті.