Жағажайдағы 4-Азия ойындарында Қазақстан бірнеше медаль алды

Таиландта өтіп жатқан Жағажайдағы Азия ойындарының эмблемасы. (Көрнекі сурет).

Таиландтың Пхукет қаласында басталған Жағажайдағы 4 -Азия ойындарының алғашқы күні Қазақстан құрамасы екі күміс, бір қола медаль иеленді.

Самбодан 82 килограмм салмақта Ержан Кабделов финалда моңғолиялық қарсыласы Ганун Тувшинжаргалдан ұтылып, күміс медаль иеленді.

Әйелдер арасында 52 килограммда Лейла Қонысбаева да финалға шыққанымен, түркменстандық Гүлбадам Бабамуратовадан жеңіліп, екінші орын алды. 68 килограммда Бағдат Жарылғасов қола жүлдегер атанды.

Бұл жарысқа Азияның 45 елінен спортшылар келген. Қазақстаннан 62 спортшы қатысып жатыр. Олар жеңіл атлетика, су добы, самбо, еркін күрес, құзға өрмелеу, муайтай, жағажайдағы су добы, жағажайдағы волейбол, триатлон, бессайыс, ашық суда жүзу спорты түрлерінен жүлдеге таласады.

Қазақстан 2012 жылы Хайянда (Қытай) өткен жағажайдағы Азия ойындарында бір күміс, бір қола иеленген.

Жағажайдағы Азия ойындары - Азия олимпиада комитетінің бастамасымен екі жылда бір рет ұйымдастырылады.