Экс-диспетчердің үкімі өзгеріссіз қалды

"АН-72" ұшағы апатына қатысты сотталған Қанат Ақылбеков (оң жақта) адвокаты Ардақ Балпықовпен бірге отыр. Шымкент, 24 наурыз, 2014 жыл.

Бүгін Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі кассациялық алқасы «Қазаэронавигация» компаниясының шымкенттік филиалының диспетчері Қанат Ақылбековтің кассациялық шағымын қарады.

Cудья Әділ Кермишев Қанат Ақылбековті төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы сол күйі қалғанын мәлім етті.

Қанат Ақылбеков ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметінің «Ан-72» әскери ұшағының апатқа ұшырауына байланысты сотталған еді.

Биыл 28 сәуірде Шымкент қаласы Абай аудандық соты Қанат Ақылбековті «абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлiгi қозғалысы қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу» бабы бойынша айыпты деп танып, алты жылға соттаған. Кейін, 28 маусымда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы Ақылбековтің шағымын қарап, оның жаза мерзімін төрт жылға азайтқан.

Экс-диспетчер Қанат Ақылбековтың адвокаты Ардақ Балпықов тағылып отырған айып негізсіз екенін айтады.

«Ұшақтың апатқа ұшырауына Қанат Ақылбековтың еш кінәсі жоқ екеніне толық сенімдіміз. Сондықтан алдағы уақытта Жоғарғы сотқа шағым түсіреміз» деді адвокат Азаттыққа.

2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің «Ан-72» әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапқан. Мерт болғандардың арасында Қазақстан шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.