АҚШ Сирияда құлаған Иордания ұшағын "Ислам мемлекетінің" (ИМ) содырлары атқан жоқ деген мәлімдеме таратты. Алайда АҚШ әскерилері ұшақтың неден құлағаны туралы айтпады.
24 желтоқсанда Сириядағы Ракка қаласының маңында F-16 ұшағы құлаған. Ұшқышты - 26 жастағы Муаз ал-Касасба есімді Иордания азаматын "Ислам мемлекеті" ұйымы содырлары тұтқындағаны туралы ақпарат тарады. Ұйым ұшқыш пен содырлар тұрған фотоны интернеттегі парақшаларында жариялады.
Бұл - АҚШ бастаған коалиция күштеріне тиесілі ұшақтың Сирияда алғаш рет апатқа ұшырауы. Осыған дейін "Ислам мемлекеті" Сирия мен Иракқа тиесілі ұшақтарды атып түсірген.