"Ұлтаралық араздық қоздыру" айыбы бойынша сот шегерілді

"Ұлтаралық алауыздықты қоздырды" деп айыпталған Татьяна Шевцова-Валованың сотына жиналғандар. Алматы, 12 қаңтар 2015 жыл.

Алматының Алатау аудандық соты "ұлтаралық алауыздықты қоздырды" деген айып тағылған Татьяна Шевцова-Валованың ісі бойынша сот отырысын қаңтардың 23-іне шегерді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін Алатау аудандық сотында қылмыстық кодекстің "әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру" бабы бойынша айып тағылған Татьяна Швецова-Валованың үстінен сот процесі басталуы тиіс болатын. Қылмыстық істі қозғауға Шевцова-Валованың әлеуметтік желідегі жазбалары себеп болған. Жазбаларда "ұлттық ерекшелікке қатысты кемсіту" барын айтқан бірнеше қолданушы билік орындарына шағым түсірген.

Азаттық тілшісінің айтуынша, бүгінгі сотқа журналистерді кіргізбеген. Сот басталғанда Шевцова-Валова адвокатының сотқа келмеуіне байланысты отырысты кейінге шегеруді сұраған. Судья Т.А.Мақұлов оның шағымын қанағаттандырып, сот отырысын қаңтардың 23-іне белгілеген.

Соттан шыққаннан кейін Шевцова-Валова журналистерге әлеуметтік желілердегі жазбаларды өзі жазбағанын айтып, айыбын мойындамайтынын мәлімдеген.