Бітімгерлік күші туралы заң жобасы дайындалып жатыр

Парламент мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов. Астана, 28 қаңтар 2015 жыл.

Қазақстан әскери іс-қимылдар жүріп жатқан аймақтарға қақтығысты реттеу үшін бітімгерлік күштерін жіберуді жоспарлап отыр деп мәлімдеді бүгін парламент мәжілісі отырысының арасында депутат Абай Тасболатов.

Оның айтуынша, қақтығыс аймақтарына жіберу жөніндегі бітімгерлік іс-қимылы туралы заң жобасы үкіметтің мақұлдауына жөнелтілген. Абай Тасболатов Қазақстанда бұған дейін болмаған заң жобасы қабылданса, республикада бітімгерлік міндеттерді орындайтын әскери бөлімдер құрылатынын айтады.

- Біз халықаралық аренаға шықтық. Халықаралық қызметке, оның ішінде бітімгерлік шараларына осылай қатысу қажет. Қай елде қандай қақтығыс болса, сол елде өз күштерімізді пайдаланамыз. Бұл - елдің беделі үшін де қажет. Біз тек үйде отырып алып, өзімізді ғана ойламауымыз керек, - дейді Абай Тасболатов.

Депутаттың айтуынша, қазақстандық бітімгерлерді қандай да бір елге жіберу жайы БҰҰ шешіміне сәйкес жүзеге аспақ.