Ресей "стратегиялық күшін" нығайтпақ

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу.

Ресей қорғаныс мининстрі Сергей Шойгу Мәскеу "стратегиялық салалардағы күшін ешкім үстемдік ете алмайтындай етіп" күшейтетінін мәлімдеді.

Қаңтардың 30-ында қорғаныс министрлігінің алқа жиынында сөйлеген Шойгу "Президенттің ешкім Ресейден әскери әлеуеті жағынан асып кетпесін деген тапсырмасы мүлтіксіз орындалады" деді.

Шойгу Ресей шекарасына жақын аймақтағы "әскери-саяси жағдайға" байланысты стратегиялық маңызы бар салалардағы әскері мен күшін нығайтуды жоспарлап отырғанын айтты.

Украинадағы дағдарысқа байланысты Ресей мен Батыс елдерінің қарым-қатынасы соңғы бір жылда шиеленісе түскен. НАТО мен Киев Мәскеуді Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистерді қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр деп айыптайды.

Ресей президенті Владимир Путин өз елін Батыстың қысымына ұшырап отыратын мемлекет ретінде сипаттайды. Ол осы аптада украин әскерін "НАТО-ның шетелдік легионы ретінде қимылдайды" деп айыптаған еді. НАТО басшылығы Путиннің бұл пікірін "түкке тұрғысыз сөз" деп бағалады.