Қазақстанда электр энергиясы қымбаттады

Электр шамы. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі биыл қаңтардың 1-інен бастап барлық өңірлерде электр энергиясының қымбаттағанын хабарлады. Министрлік үкіметтің 2009 жылғы наурыздың 25-індегі 392-қаулысына сәйкес электр станциялары энергия құнын жоспарға сәйкес өсірді деп түсіндіреді.

«Осыған орай, станциялар тарифтерінің көтерілуі электр энергия бағасының өсуіне әкелді. Себебі, электр энергиясының түпкілікті бағасының құрылымындағы станциялардың үлесі шамамен 53-61 пайызды құрайды» делінген министрліктің Азаттық сауалына жауабында.

Министрліктің мәліметінше, электр энергиясы бағасын Екібастұз су электр станциялары – 10 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысындағы «СевКазЭнергоПетропавловск» – 12,6 пайызға, Павлодар облысында жылу электр станциялары – 9 пайызға қымбаттатқан.

Бұған дейін Алматы және Алматы облысында тариф құны 7,5 пайызға өскені хабарланған еді. Қазір Алматыда бір киловатт электр энергиясының құны шамамен 16 мен 27 теңге аралығында.